рус қаз
Меню
Жаңалықтар

21.01.2019
Есепті жиындар басталды

Мәди ауылдық оругінде...

Аудан әкімі Х.М.Мақсұтовтың халықпен кездесу, есеп беру жиыны әдеттегідей биыл да алыстағы Мәди ауылдық округінен басталды. Алдымен орталыққа тақау жерде орналасқан «Бекжан» шаруа қожалығыны  жұмысымен танысқан аудан басшысы Жанбота Кенжебекова жетекшілік ететін шағын ұжымның табысына ризашылық білдірді. Заман талабына сай күннен қуат алатын қондырғы  орнатып, ауызсуға арналған құдық қаздырған қыстақ иелері мал азығын дайындайтын жаңа трактор мен құралдар алған. Соның арқасында әрқайсысы 300 кг тартатын 1300 дана рулон шөп әзірленген. Арасына жауын, қар суы өтпейтін осындай шөптің бір-екеуінің өзі мұндағы малға күні бойғыға азық. Сондықтан болар кейіннен әкелінген ақбас сиырлар күйлі. Қаңтардың желаязын елемей шашылған шөп маңында жайылып жүр. Жиын барысында да осындағы шаруа қожалықтарының бүгінгі аяқ алыстары сөз болды. Өз шаруаларын дөңгелентіп алған олар алдағы көктемде қызылсудың алдын алуға қатысып жазға салым көше тазалығына кіріспек. Табиғаты қолайлы, жер көлемі кең округтегі мүмкіндіктерді айта келген аудан әкімі осындай қуатты шаруа қожалақтарын ашуға, құс, көкөніс өсіруге кеңес берді. Сондай шаралар жүзеге асса елдің көшуі тоқтап, өзге жұрттың қызығушылығы артар еді делінді. Жиында сөз алған ауыл тұрғыны Ләззат Көрпелдесова осынау шаруа қожалықтары алдағы уақытта бірігіп балалардың шағын орталығын ашуға мұрындық болса деген тілек айтқан болатын. Бұл пікірді құп көрген аудан басшысы егер осы бастама қолға алынса оған мемлекет тарапынан да көмек болатынын жеткізді. Жаңалықты қуана құптаған ауылдағы ардагерлер кеңесінің төрағасы Қанат Рахимов ақсақал шағын орталықтың қажетіне деп әр ай сайын өз зейнетақысынан 10000 теңге беріп отыруға уәде етті. Осы өңірдің байырғы тұрғыны, ауылының әрдайым қамқоршысы болып жүретін Қанат ағамыздың ізгі ниеті мен алғыс сөздері жаңа бір үміттің шамын жаққандай еді.

Тәттімбет ауылында...

 Келесі жиын өткен Тәттімбет ауылына келген аудан әкімі бірінші кезекте мұндағы №32 орта мектепті барып көрді. Жылыту жүйелері қызып тұрған оқу ошағының іші салқын тартып тұр. Терезелері бітелген болғанымен мұндай суықтықтың себебін түсіндіре алмаған мектеп басшылығы шарасыздықтың күйін кешуде. Сірә, өткен ғасырдың ортасында салынған мектеп ғимаратының өзі тозған сыңайлы. Қабырғалары, төбесі іштегі жы- луды сақтай алмайтынға ұқсайды, яғни жаңалап қаптауды қажет етеді. Керісінше, өткен күзде ғана күрделі жөндеуден өткен ауылдағы аурухана жып-жылы болып жарқырап тұр. Облыстық бюджеттен бөлінген қаражат арқылы жөнделген аурухананың сырты сайдингпен қапталған, пластик терезелер орнатылып, жаңа жылыту пеші қойылған. Аурухана дәрігері Дулат Күзеуов пен медбикелердің жұмысты толыққанды істеуіне барлық жағдай жасалған. Жиында есеп берген ауылдық округ әкімі Е. Жоламанның баяндамасында алда тұрған жоспарлар да сөз болды. Онда осындағы « Рауан» шаруа қожалығы арқылы ауылда өрт сөндіру пунктін ашу, ауыл күнін өткізуде жиналған қаржыға қаражат қосып балалардың ойын алаңын салу қаралған. Ауыл тұрғыны Асқар Боқаев құс өсірсем, клуб меңгерушісі Есен Көшербаев ауыл ортасымен өтетін Түндікті өзеніне көпір салынса екен деген сауалдар қойды. Еңбек ардагері, ауылына келіп шаруа қожалығын ашқан Егінбай Слямов әкім жұмысына оң баға бере келіп көше жарығына тоқталды.

Н. Нұрмақов округі орталығында өткен жиынға сол округке қарасты Бастал, Көлбасы ауылдарының тұрғындары көптеп келіпті. Бастал ауылының тұрғыны Жәлел Қарсыбеков жайылым, шабындық жерлерінің аздығын айтып өтті. Расында, ауылды қоршап тұрған таулы-орманды алқап “Орман және жануарлар әлемін қорғайтын” Қу мекемесінің қарамағында да, басқа жерлер көршілес орналасқан шаруа қожалықтарының иелігінде. Шабындық түгілі мал жайылымы өте тар. Ж. Қарсыбеков сонымен қатар ауылды Егіндібұлақпен жалғап тұрған тас жолдың нашарлығы мен ондағы салынған көпірлердің тозып тұрғанын да тілге тиек етті. Көлбасы ауылынан келген Жұмат Апашев жаңа жыл қарсаңындағы кенеттен көтерілген жерасты суы қатерінен аман алып қалған аудан әкімі Х. Мақсұтовқа, округ әкімі Т. Біләловқа және қуатты техника мен мамандар жіберген «Алтайполиметаллы» ЖШС-нің басшысы Р. Б. Юнге ел атынан алғыс білдірді. Округ тұрғыны Алтын Жұмаділова өңірдегі атқарылып жатқан шараларға баға беріп, басшы қауымға өз ризашылығын айтты.

Абай атындағы ауыл орталығында тұрған орта мектеп те бұл күні салқын тартып тұрды. Мектеп басшылығы мұны жылыту жүйесіндегі ақаулықтан деп ақталды. Қалай болса да болашақ иелері балалар оқитын жердің жылы да жарық болғаны қандай жақсы. Округ әкімі Ә. Нұркенованың баяндамасынан кейін ауыл тұрғындары Еркебұлан Ахметов жер мәселесі жөнінде, Орденбек Қаймолдин, Лида Федорова ауызсуға байланысты өз тілек-шағымдарын білдіріп өтті. Тағы да басқа жергілікті басшылық тарапынан анықталатын жайлар айтыла келіп оған тиісті мамандар жауап қайтарды.

Егіндібұлақ елді мекенінде..

Ауыл әкімі М. Мадикенова өз есепті баяндамасында істелген шараларды айтып өтіп, жаңа жоспарлармен бөлісті. Жиында жастар мәселесі, Егіндібұлақ пен Бүркітті арасындағы жолдың жайы, электр жарығының тарифі, мекемелердегі жылыту жүйесіне түсірілген көмірдің сапасы, мал бағымы, жайылым сөз болды. Ол мәселелерді ауыл тұрғындары Ока Жарылғапова, Рымхан Жұмашев пен басқалар көтеріп пікір қосты және тиісінше жауап алды. Шарықты ауылдық округінің орталығы Теректіде өткен жиында өзекті ойлар бой көтерді. Қосалқы шаруашылық ашпақшы болған ауыл тұрғыны Армия Әушінов бос тұрған қыстақтың орнына үй салған. Алайда ол округке қарасты Айыр бөлімшесінің жері болып шыққан, әрі құжаттары дайындалмаған. Бұл ретте аудан басшысы Х. Мақсұтов тиісті мамандармен бірлесіп мәселені шешуге кеңес берді. Мектеп мұғалімі Алмаз Асылханұлы экология жайына тоқталды. Дәлірек айтқанда, осындағы өндіріс комбинаты мамандары тұратын үйлерден аққан кәріз сулары далаға жайылған. Ол арада елдің малы жайылады. Ертең жаз мезгілінде ауру шықса не болмақ. Мақпал Бегалина деген азаматша еңбекақы, жәрдемақы алу мен басқа да төлемдер жасау үшін халықтың Егіндібұлаққа баратынын жеткізді. Сол жұмысты өндіріс орталығы комбинаттың күшімен ауылда атқарса деген тілегін де білдірді. Себеп, арнайы бөлінген пошта қызметкері жоқ. Бұған байланысты жиынға қатысып отырған «Алтай- полиметаллы» ЖШС-нің өкілі, комбинат басшысының әлеуметтік мәселелер және жалпы сұрақтар бойынша директоры Данияр Сайлауұлы Қонақбаев жауап беріп, комбинат басшылығының көмегін айтты. Ол бойынша комбинат қазпошта штат бөліп шағын жалақымен қызметкер тағайындаса, қосымша еңбекақы қосып, оның мөлшерін 70 мың теңгеге жеткізіп көмек жасамақшы. Тек маман болса болды. Сөйтіп, өңірді ірі өндіріс ошағына айналдырып, қыруар жұртты еңбекпен қамтып, айналадағы елге біршама көмегін жасап отырған комбинат жергілікті халыққа тағы бір жәрдем жасаудың ретін тапты. Қаракөл ауылында өткен жиын да жер мәселесімен басталды. Округ әкімі Б. Әбдікәрімовтың баяндамасынан кейін сөз алған тұрғындар жайылым мен шабындық жердің тарлығын айтып қынжылыс та- нытты. Жаз бойы егінді қорып отыру мүмкін емес, әлгіндей мал түсіп қамалса иелері реніш білдіреді. Осыны қайтсе болады. Серік Омарбеков, Орынбасар Апақашев және басқалардың да айтары осы. Балалары осы ауылдағы бос мал қорасын былтырғы жылы реттеп, мал бордақылау алаңын жасап шаруашылықпен айналысуды бастаған Егіндібұлақ ауылының тұрғыны Амантай Дәуіпбаев та жайылымдық жер сұрап өтініш жасады. Жалпы, жиындар өткен барлық ауылдардың халқы өздерінің жекеменшік малдарын бағатын жерді ауылдың маңындағы шұрайлы жерлерден сұрайды. Ондай жерлердің көбі бүгінде шаруа қожалықтарының иелігінде немесе сол ауыл халқының пайдалануындағы өлке екені белгілі. Заман туындатып отырған заң бойынша қолында көп малы бар азаматтар алыстағы бос жатқан жерлерді алып өзінің қосымша шаруашылығын сонда өркендетуі тиіс. Кездесулер барысында аудан басшысы Х. Мақсұтов халыққа осы жайтты қайталап түсіндірді, сонымен қатар құс өсіруге, алысқа барғылары келмегендерге үйлерінің маңына жеміс-көкеніс өсіруге кеңес берді. Көше тазалығы, жол мәселесін алыстан көмек күтпей ауыл азаматтары, шаруа қожалықтары бірлесе отырып өздері шешсе нұр үстіне нұр болар еді, деді- әкім. Ешбір елді мекен мемлекеттің көмегінсіз қалмайды, тек ол көмек келгенше бос қарап отыра бермей бастама көтеріліп, жұмыс басталып жатса, оның нәтижесі көрінсе басшылық қауым қарап қалмайды. Әр ауылдың өз тарихы бар. Сол тарихты өшірмес үшін, ертеңгі ұрпақ алдында ұятқа қалмас үшін бүгінгілер беріліп отырған бар мүмкіндікті пайда- лану керек. Қазір ауылды көтеруге арналған арнайы бағдарламалар жетерлік. Аз пайызбен берілетін несиелер бар. Солармен жұмыс жасау қажет. Іргесі мықты отырған ауыл ел мақтанышы, яғни болашағы бар елді мекен болып есептеледі. Оның өркендеп өсуі өз қолдарыңызда деді,-ол өз сөзінде. Жиын барысын айтылған барлық мәселелер, пікірлер алдағы күндердің жоспары болары анық. Олар ертеңгі күні іске асып жатса үміт пен сенімнің ақталғаны болмақ.


Вернуться назад



© 2019 ГУ «Аппарат акима Каркаралинского района»
© 2019 Әзірлеген және қолдаған - Интернет-компания «Creatida»